Kapshagay.gov.kz

Тимур Құлыбаев: «Үкімет бизнес үшін» жобасын құру маңызды

Главная




Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға орай Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың 10 ілгерінді қадамын ұсынып отыр. Ал біз осы 10 қадамның түйінін тарқату мақсатында Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Т.А.ҚҰЛЫБАЕВТЫ әңгімеге тартқан болатынбыз.

Тимур Асқарұлы, қазіргі кезде кәсіпкерлікті микронесиелеу «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып келе жатқанынан хабардармыз. Осы бағдарламалардың артықшылықтары қандай, кемшіліктері бар ма? Болашақта микронесиелеуді қазіргіден де жеңілдетудің жолдары қарастырыла ма?

– Бүгінде бизнесті микронесиелеу, өздеріңіз айтқандай, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылу үстінде. Берілу көлемі жылына 6 пайыздық өсіммен 10 млн теңге. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жылына 5 пайыздық өсіммен 3 млн теңге беріліп келеді. Бұған қоса, «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингінің тетіктері арқылы микронесиелік ұйымдар тарапынан жылына 9,5/12 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн теңгеге дейін несиелеу қарастырылған.

Осындай тиімді қаржылық шарттарға қарамастан, кәсіпкерлер аталған бағдарламалар бойынша кепілмен қамтамасыз ету, талап етілетін құжаттар санының көптігі және ілеспелі жобалардың жоқтығы салдарынан қиындықтарға тап келіп жатады. Мәселен, кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша микронесие алу үшін 13 құжат ұсынуы тиіс. Осыған қарамастан, өткен жылы Микронесиелік ұйымдар (МНҰ) тарапынан жалпы сомасы 120 млрд теңгенің 564 мың микронесиесі беріліпті.

Бұл жерде атап көрсететін бір жайт – ауылдық жерлерді микронесиемен қамту деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Ауылдық жерлерде тек 75 МНҰ ғана белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ал Қазақстанда, тұтастай алғанда, белсенді жұмыс істейтін 342 МНҰ бар. Мәселен, Атырау облысында МНҰ ауылдарда мүлдем жұмыс істемейді, Ақтөбе облысында осындай белсенді екі-ақ ұйым тіркелген, Маңғыстау облысында, тіпті, біреу ғана.

Микронесиелеу қызметімен кең қамту «Атамекен» ҰКП-ның инфрақұрылымдарын дамытуды қамтамасыз етеді. Қамтамасыз ету аудандық деңгейде де жүзеге асырылады. Бүгінге дейін облыстық деңгейде 23 Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы (КҚО), ал аудандық деңгейде 188 Кәсіпкерлікті қолдау орталығы (КҚО) жұмыс істесе, олардың 152-сі аудан орталықтарында, 9-ы шағын қалаларда, ал 27-сі моноқалаларда орналасқан.

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды тежеп келе жатқан проблемалардың бірі басым жағдайда өндірістің ұсақ тауарлы сипаты болып табылатыны ақиқат. Осы проблеманы шешу үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанын білсек деп едік.

– Ұсақтауарлылық проблемасын еңсеру мақсатында өткен жылдың қазан айында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң қабылданды. 10 қанатқақты кооперативтер құру және оның жұмысын жолға қою бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жоспары жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, ҰКП тарапынан «200 ауыл шаруашылығы кооперативтері» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кездің өзінде шамамен 7 мың шаруа қожалығы мен халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарын біріктіретін 283 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Қаржыға қол жеткізу проблемасын шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мыналар ұсынылады: халықтың кооперативтерге біріккен жеке қосалқы шаруашылықтарының микронесиелеу басымдықтарын айқындау; «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ институттары арқылы жеңілдікпен несиелеудің жаңа өнімін енгізу.

– Бүгінгідей жағдайда экономика өсімін қалай ынталандыруға болады?

Бүгінде Қазақстанда экспортты қолдаудың жалпыға мойындалған барлық мемлекеттік қолдау шаралары бар, олар түрлі мемлекеттік мекемелер арасында «шашырап кеткен». Бұл шаралардың келісілмеуіне, экспортты қолдау жөніндегі ұйымдардың арасында бірдей функциялар жүктеуге әкелуде. Органдар арасындағы осы түсініспеушіліктердің бәрінен кәсіпкерлеріміз жапа шегіп отыр. Сондықтан, экспорттаушыларды қолдау жан-жақты механизм болып саналатындығын және түрлі құралдарды пайдалануды қажет ететінін ескере отырып, барлық шараны бірыңғай әрі жүйелі үдеріске байланыстыру қажет. Бұл үшін Экспортты ілгерілетудің ортақ стратегиясын әзірлеп, қандай компаниялардың экспортқа шығуға әлеуеті бар екенін анықтаудан бастап, өзге елдерде түрлі көрмелер мен алаңдар ұйымдастыруға дейінгінің бәрін қамту қажет. Түпкі мақсат осы кәсіпорындарды табу және экспорттық нарықтарға ілгерілету болып табылады. Егер олар жеткіліксіз болса, онда олардың қатарын өсіру үшін қалыптасу кезеңінде мемлекеттік тапсырысты ұзақмерзімді негізде (3 жылға келісімшарт) алуы үшін басымдықтар беруге дейінгі түрлі қолдауларды қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты экспортты қолдаудың барлық шарасын бір терезе қағидатындағы оператормен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағдарлануы мәселесіне шоғырландыра отырып, Экспортты ілгерілетудің жаңа стратегиясын әзірлеу ұсынылады. Аудан орталықтарына дейін өңірлік инфрақұрылымы қалыптасқанын, орта және ірі кәсіпорындардың сандық негіздегі базасы, шетелдердің сауда-өнеркәсіп палаталарымен жолға қойылған байланысы бар екенін ескерсек, экспорт саласындағы бірыңғай операторды «Атамекен» ҰКП басқара алар еді.

– Тимур Асқарұлы, осы кәсіпкерлерді қолдау шараларын бір қолға шоғырландыруға болмай ма? Осы бағытта нақты бір жұмыстар бар ма?

– Соңғы жылдары мемлекет бизнесті қолдау шараларының инфрақұрылымына бастамашылық етіп, оны жүзеге асырды, қажетті бағдарламалар мен институттарды құрды. Бүгінде осы қолдау шараларын шоғырландыратын, кәсіпкерлерді қолдауды «Азаматтарға арналған Үкімет» сияқты «бір терезе» арқылы ұсына отырып, оларды ыңғайлы әрі тиімді ететін кез келді. Осы орайдағы, «Үкімет бизнес үшін» жобасы қолдау шараларын «бір терезеге» шоғырландырудан синергиялық әсер тудыруға, кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларының қолжетімділігі мен ауқымын ұлғайтуға, қолдау шараларын алу үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Аудандық деңгейге дейін инфрақұрылымдары мен кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету тәжірибесі бар екенін ескерсек, Үкімет тарапынан үйлестіре отырып, операторлықты «Атамекен» ҰКП-ға жүктеу ұсынылады. Үкімет бизнес үшін дегеніміз, бұл – даму институттары көрсететін субсидиялаудан, грант беруден, сертификаттаудан бастап, факторингке, сауда алаңына, арнайы экономикалық аймақтарға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға дейінгі барлық шараларды бизнес үшін біріктіре отырып, кәсіпкерге кеңес беретін, қызмет пен сервисті бірыңғай стандарт пен форматта көрсететін бір терезе.

 

 


Қапшағай қаласының кәсіпкерлік бөлімі ММ

Система Orphus


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .