Kapshagay.gov.kz

Алматы облысының аумағында 15 сәуірден бастап карантин енгізіледі.

Главная


Бұл туралы облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов айтты. Осыған байланысты «Алматы облысының аумағында шаруашылық және (немесе) өзге де қызметі мен тұрмысының ерекше шарттары бар карантин енгізу туралы» тиісті қаулы қабылданды.
Қаулыға сәйкес облыс аумағына өзге елдерден оралған Алматы облысының тұрғындарынан басқа, сол сияқты жүк тасушы адамдар мен көліктерден, соның ішінде транзиттік көліктерден басқа өзге өңірдің адамдары мен көліктеріне кіруге тыйым салынады. Ал Алматы облысының басқа өңірлерге шығып кеткен тұрғындары облыс аумағына сәуірдің 14-інен 15-іне қараған күнгі сағат 00.00-ге дейін қайтып келе алады.   
Карантин енгізілуіне байланысты аудан, қалаларға кіру-шығуға, сол сияқты елді мекендердің ішіндегі қозғалыстарға тыйым салынады. Бұл ретте тұрғындарға медициналық ұйымдарға, жақын жердегі дүкендер мен дәріханаға күніне бір рет қана шығуға рұқсат. Бірінші кезектегі қажет тауарларды, азық-түліктерді, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды, қорғану және гигиеналық құралдарды, жанар-жағармай материалдарын, көлік құралдарының қосалқы бөлшектерін, өндірістік құралдарды және т.б. тасымалдайтын адамдар мен көліктерге тапсырыстың бар екенін айғақтайтын құжаттары болған жағдайда; коммуналдық, апат қызметі, қоқыс жинаушы, байланыс және коммуникация қызметкерлері мен көліктеріне, сол сияқты телеком-операторларының коммуникация желілері мен техникалық қолдауды басқарудың, өңірдің тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті жүк тасымалдау мен арнайы көліктердің қызметкерлері мен көліктеріне жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда рұқсат етіледі.
Карантин кезінде жұмыс істейтін ұйымдардың адамдары мен көліктеріне, қызметкерлерді тасымалдаушы адамдар мен көліктерге шектеудің қатысы жоқ. Дегенмен жеңіл көлікте 3 адамнан артық отырмауы керек, автобустар салондарының адам толтыруы 40 %-тен аспауы тиіс, жолаушылар жеке-жеке отыруы керек, яғни жолаушылардың ара қашықтығы 1 метрден кем болмауы тиіс, сол сияқты меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сол сияқты оларға бағынышты мекемелердің, ветеринарлық, дезинфекциялық және обаға қарсы қызметтердің, коронавирус инфекциясын диагностикалау зертханасының және карантин шараларын атқаруға тартылған басқа да мекемелердің қызметкерлеріне жұмыс орнынан анықтама немесе қызметтік куәлігі болған жағдайда рұқсат етіледі.
Ресми бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қолында редакциялық тапсырмасы болған жағдайда, құрылыс және жол жөндеу мекемелері қызметкерлерінің, мемлекеттік нысандар құрылысына тартылған қажетті мамандардың, сол сияқты арнайы инкассаторлық қызмет мамандары мен көліктерінің тиісті белгілері мен рұқсат құжаттары болған жағдайда, бірге жерлеу рәсімінің автокөліктеріне саны оннан артық емес адаммен бірге, жанында екіден артық емес адаммен бірге қолында медициналық көрсетілімдері бар азаматтарға қолында тиісті құжаттары болған жағдайда шектеу жасалмайды.
Бұл ретте медициналық ұйымдардың қызметі, соның ішінде меншік түріне қарамастан стоматологиялық мекемелер; ветеринарлық қызметтер, соның ішінде ветеринарлық және мал шаруашылығының жедел жәрдем қызметі; зертхананың барлық түрі; супермаркеттер, азық-түлік дүкендері, соның ішінде сауда-ойын-сауық орталықтарының ішіндегі азық-түлік сататын дүкендер, көп қабатты тұрғын үйлер; дәріханалар, сол қатарда ветеринарлық дәріханалар қызметі уақытша тоқтатуға жатпайды.
Облыстағы коммуналдық қызметтер мен инфрақұрылымдар, электроэнергетикалық компаниялар, сумен қамту/жылумен қамту, өртке қарсы және апаттық-құтқару қызметі, тұрғын үй қорын басқару саласындағы қызметтер (электриктер, сантехниктер, аулалар мен ғимараттарды тазалау, апат қызметі, соның ішінде лифтілерге қызмет көрсету), көшелер мен ғимараттарды тазалау, қоқыстар мен қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, дезинфекциялық қызметтер, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының жұмысын қамтамасыз ететін ұйымдар; телекоммуникация мен байланыс (инженерлік қызметтің жұмысшылары үшін (карантин кезінде жабық болатын барлық нысандарға, соның ішінде байланыс операторларының базалық стансалары мен (немесе) құрал-жабдықтары орналасқан сауда нысандарына рұқсаты бар ұялы байланыстың базалық стансаларын монтаждау мен құрылысын жүргізушілер, жөндеу бригадалары, коммуникация мен техникалық қолдау жүйелерін басқару орталығының жұмысшылары) жұмысын жалғастырады.
Сол сияқты алдын ала тапсырыс берілуіне қарай тұқым, көшет, минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін сататын нысандар; көктемгі егіс жұмыстарына, құрылыс және жол жөндеу жұмыстарына қатысы бар нысандар жұмыс істейді.
Курьерлік жеткізу нысандары да қызмет көрсетеді. Ресми бұқаралық ақпарат құралдары, өнеркәсіптік, өндірістік орындар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарының байланыс орталықтары, сол сияқты елді мекеннен тыс жерлердегі жанар-жағармай және газ толтыру стансалары қалыпты режимде, ал олардың елді мекен ішіндегілері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды.
Азық-түліктік емес тауарлар, соның ішінде бірінші кезектегі қажетті тауарлар, құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия сататын нысандар жеткізу ұйымдастырылған жағдайда жұмыс істей алады.
Арнайы көлік құралдары, елді мекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен ресми такси қызметі қызмет көрсетуді жалғастырады. Дегенмен такси қызметінің автокөліктері тиісті белгілермен жабдықталған болуы және жүргізушінің жеке мәліметтері жолаушыға көрінетін жерде тұруы тиіс. Осыған дейінгі талаптардағыдай, жеңіл көлікте жүргізушіні қосқанда бір отбасы мүшелерінен басқа үш адамнан артық болмауы керек. Санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау талабы күшейтілді. Қалалық және аудандық автобустардың жолаушылармен толуы отыратын орындардың 40 %-інен астпауы тиіс, бұл ретте қоғамдық көлікте маскасыз жүруге тыйым салынған.
Сауда-логистикалық орталықтар, қоймалар, олардың жұмысын қамтамасыз ететін тұлғалар мен ұйымдар; жерлеу қызметінің нысандары, зираттар; жеке орналасқан пошта байланысы нысандары мен екінші деңгейлі банктер санитарлық-дезинфекциялық шараларды күшейтіп, келушілердің кемінде 1 метр қашықтықта тұруын қамтамасыз ете отырып, жұмыстарын жалғастырады. Бірінші басшылардың шешімі бойынша мемлекеттік басқаруды үздіксіз жүргізуді қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен олардың бағынышты ұйымдары өз қызметін жүргізеді.
Рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімінде жоқ салалардың ұйымдары мен кәсіпорындары осы қаулы күшінде болатын уақыт аралығында қалыпты режимдегі жұмысын тоқтатуға тиіс екені атап өтілді. Олар өз жұмысын қашықтан істеу режимінде, соның ішінде онлайн режимде жалғастыра алады. Шектеу енгізілген уақыттарда жұмыс істейтін нысандардың барлығы да санитарлық және дезинфекциялық режим талаптарын қатаң сақтауға тиіс.
Алматы облысы аумағында карантин енгізу туралы қаулы 2020 жылғы 14 сәуірден 15-іне қараған түнде сағат 00.00-де күшіне енеді.



Қапшағай қаласының ішкі саясат бөлімі


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .