Kapshagay.gov.kz

Ерікті зейнетақы жарналарының маңызы

Главная



Бүгін мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) операциялық бөлімінің қызметі туралы айтып беремін. Бұл бөлім салымшылар мен алушыларға олармен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасудан бастап, зейнет жасына шыққанға дейін қызмет көрсетеді. Жалпы мен бұл бөлімде 5 жылдан бері қызмет етіп келемін.  
Операциялық бөлімнің негізгі мақсаты – Қорға келген жеке және заңды тұлғаларға үздік әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы қызмет көрсету.
Біз міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын ашамыз, сонымен қатар жеке және заңды тұлғалармен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасамыз; салымшылар мен алушылардың жеке деректемелеріне өзгертулер (толықтырулар) енгіземіз,  зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) туралы келісім жасасамыз, сондай-ақ, алушылардың зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі өтініштерін қабылдаймыз, тексереміз және тіркейміз.
Зейнет жасында қамсыз өмір сүру үшін қаражат жинау мүмкіндіктері туралы кеңестермен бөліскім келеді. Сонымен қатар ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын жинақтар туралы әңгімелеймін.
Ерікті зейнетақы жарналары алыс шетелдерде танымалдыққа ие екендігі белгілі. Бірақ өкінішке қарай, жарналардың бұл түрі отандастарымыздың арасында кең таралмаған. Ал шын мәнісінде ерікті жарналардың есебінен  болашақ зейнетақының мөлшерін елеулі түрде арттыруға болады. Әрине, армандардың барлығы орындала бермейді. Шынайы өмірдің өз заңдылықтары бар. Дейтұрғанмен адамдар зейнет жасына қаржы жинауға ерте бастан кірісетін болса, болашақ зейнетақының соғұрлым қомақты бола түсері анық. Өйткені елімізде зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшының арасында оңтайлы үлестірілген. Яғни, болашақ зейнетақының қандай болатандығы бүгінгі жұмыскердің өзіне де байланысты деген сөз. Бұл ретте ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жинақтарының молая түсуіне елеулі түрде септігін тигізеді.   
Бұл зейнетақы өнімінің тағы бір ерекшелігі сол, балаңыздың немесе жақын туысыңыздың материалдық капиталын толықтыра аласыз, яғни ерікті зейнетақы жарналарын үшінші тұлғаның пайдасына аударуға болады. Көп жағдайда ер азаматтар ресми жұмыс жасамайтын, бала күтімімен отырған және зейнетақы төлемдері жоқ әйел азаматтардың пайдасына зейнетақы қорына ерікті жарналар аударады. Осылайша, жақын адамының пайдасына жақсы материалдық база дайындайды.  
Салымшыларды (алушыларды) және кез келген адамды  толғандыратын мәселе - салық мәселесі. Ерікті зейнетақы жарналарын өз пайдасына төлейтін салымшының төлем көзінен салық салынатын табысын анықтау кезінде төлемдердің кезеңділігіне қарамастан, күнтізбелік жыл ішіндегі әрбір ай үшін өз пайдасына төлеген ерікті зейнетақы жарналарының сомасы мөлшеріндегі салық шегерімдеріне құқығы бар, ол үшін оған өз жұмыс берушісіне шарттың көшірмесі мен ерікті зейнетақы жарналары төленгенін растайтын құжат тапсыру қажет. 
Зейнетақы төлемдерін алу тәртібі алушының БЖЗҚ-ға өтініш беруі арқылы жүзеге асырылады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының 33-бабына сәйкес
1) елу жасқа толған;
2) мүгедек болып табылатын;
      3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн және кету ниетiн немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.
Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.
Егер Сізді «Ерікті зейнетақы жарналарын аудару қажет пе? Болашақ зейнетақының мөлшерін ұлғайтуда ерікті жарналардың маңызы қандай?» - деген сұрақтар мазалайтын болса, Қордың жергілікті бөлімшесіне келіңіз, біз Сізге кеңес беруге дайынбыз!

 


  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры



Система Orphus


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .