Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның
астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік
бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының
тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде
нақышталған. Күн, оның шұғыласы,
қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын
түстес. Тудың ені мен ұзындығының
арақатынасы – 1:2
Мемлекетіміздің ресми ерекшелік
белгісі, еліміздің егемендігінің нышаны Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік туы 1995 жылдың 24
қаңтарындағы Қазақстан Республикасы
Президентінің Конституциялық Заң күші бар
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары туралы»
жарлығымен белгіленген.
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Туы, көгілдір түсті матаның ортасында алтын
күн бейнесі мен шарықтай ұшқан дала қыраны
бүркіт және ұлттық ою – өрнекпен нақышталған
тік жолақтан тұрады.
КӨК ТҮС
Тудың көгілдір бір
түстілігі, бұлтсыз ашық аспан күмбезін еске
түсіреді және Қазақстан халқын бір жолды
ұстауға, биік те игілікті идея бірлестігіне шақырады.
Зеңгір көк ашық аспан,
барлық халық үшін әрқашан бейбітшіліктің
аманшылық пен тыныштықтың белгісі болған.
Елтаңба тану ғылымы – геральдика
тілінде, көк түс адалдықтың кіршіксіз тазалық пен
бейкүні пәктіктің нышаны. Көне түркі тілінде,
яғни барлық түркі тілдес халықтар тілінде «көк»
сөзі «аспан» деген ұғымды білдіреді.
Мемлекеттік Тудағы көк түс
Қазақстан халқының өз мемлекетін құру
жолындағы ниетінің тазалығын және
маңыздылығын білдіреді.
ӨРНЕК
Өрнек – белгілі бір
дәуірдің өзіне тән қолтаңбасы, ол
халықтың көркемдік талғамының көрсеткіші.
Ғасырдан ғасырға жалғасып, бізге жеткен
қазақтың ұлттық ою-өрнегінің ең
көп тараған түрі зооморфтық өрнек –
«қошқар мүйіз». Ерте кезде халық
ою-өрнектің бойынан адамды зұлымдықтан желеп-жебеп,
қорғайтын керемет күш көрген.
КҮН
Күннің нұр
шұғылалы алтын бейнесі байлық пен берекенің,
тыныштықтың нышаны. Сары түс – қамбат асыл металдың,
алтынның, ай мен күннің, түпсіз
тұңғиық қараңғылықтан шашырап
шыққан жарықтың, одан жаратылған
ғарыштың түсі. Күн мәңгілік
қозғалыстың, даму процесінің, үнемі өсу мен
өшудің, өмір мен өлімнің, батыс пен
шығыстың символы. Күн – уақыт өлшемі.
БҮРКІТ
Ежелгі көк тәңірі Аспан мен
күнге жақындап, шарықтай ұшатын құс
патшасы, қыран бүркіт аса қасиетті де құдіретті.
Қыран кең дала биігінде жеке,
дара ұшады. Осыдан барып, бүркіт бейнесіне айбындылық,
еркіндік тәуелсіздік, бостандық, тәкәппарлық,
биік ой – мақсат, қырағылық, намысқойлық
тән. Сол себепті де ол көреген, қырағы, болжағыш.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туындағы дала
қыраны қазақстандықтардың жомарттығы мен
қырағылығын, ой – ниетінің биіктігін білдіреді.
Авторы: ШӘКЕН НИЯЗБЕКОВ.
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған.
Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «QAZAQSTAN» деген жазу - алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес.
Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелейді.
Қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі.
Елтаңба төбесінде бес бұрышты жұлдыз бар. Әр адамның өмірінде жол көрсетер өз жұлдызы болады. Мемлекеттің де осындай жұлдызы болуы керек.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Гимні
ГИМН
Гимн, гректің «hunos» - салтанатты
ән, ұран деген сөзінен шыққан. Мемлекеттік гимн
халық жүрегінің лүпілін танытып, адамдарды
патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар
іспеттес. Оның әуенінен отанға деген сүйіспеншілік,
атамекенге шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани
жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт
пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке
құштар кең көңіліміз жақсы көрініс
тапқан. Мемлекеттік Гимн – егеменді еліміздің Туы мен
Елтаңбасының сазды баламасы.
Сөзін жазғандар:
Нұрсұлтан Назарбаев
Жұмекен Нәжімеденов
Altyn ku'n aspany,
Altyn da'n dalasy,
Erliktin' dastany,
Elime qaras'y!
Ejelden er degen,
Dan'qymyz s'yqty g'oi'.
Namysyn bermegen,
Qazag'ym myqty g'oi'!
Urpaqqa jol as'qan,
Ken' bai'taq jerim bar.
Birligi jarasqan,
Ta'y'elsiz elim bar.
Qarsy alg'an y'aqytty,
Ma'n'gilik dosyndai',
Bizdin' el baqytty,
Bizdin' el osyndai'!
2019 жылдың 14 желтоқсан күні қалалық мәдениет үйінде 16 желтоқсан-Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты іс-шаралар өткізіледі. Басталуы сағат 10.00-де.
/11.12.2019/
Қоғамдық тыңдау күнін ауыстыру туралы хабарландыру
Қоғамдық кеңестің тыңдау күнін ауыстыруға байланысты "Әкімшілік кедергілерді жою" тақырыбында қоғамдық тыңдау 2019 жылғы желтоқсан айының 12 жұлдызында өткізілмейді. Қоғамдық тыңдаудың өткізілетін күні мен орны туралы қосымша хабарлаймыз.
/ 11.12.2019/
Құрметті қапшағайлықтар!
Қала әкімдігі кіші және орта бизнес, әкімшілік-тұрмыстық, әлеуметтік ғимараттар және тұрғын үй объектілері арасында ең үздік мерекелік безендіруге конкурс жариялайды. Конкурс мерзімі – 2019 жылғы 1 желтоқсан мен 28 желтоқсан аралығында өтеді. Ең үздік безендіру объектісі Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында арнайы марапатталады. Жеңімпаз 2019 жылғы 25 желтоқсанға дейін комиссия шешімімен анықталады. Қосымша сұрақтармен 8 (72772) 4-21-21 телефоны арқылы хабарласыңыздар.
/ 04.12.2019/
Азаматтарға мәлімет үшін
Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында сағат 09.00-ден 14.00-ге дейін Қапшағай қаласы, Қонаев көшесі, 13 мекенжайы бойынша "NurOtan" партиясының Қапшағай филиалы ғимаратында Халықаралық Адам құқықтары күні қарсаңында Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының заңгерлері Қапшағай қаласында акцияларға тілек білдірген барлық азаматтарға алғашқы көмек көрсету бойынша көшпелі акция ұйымдастыруды жоспарлап отыр .
Көптеген азаматтар заңгерлерге ақылы көмек көрсетуге мүмкіндігі жоқ және осы акцияның арқасында біздің облыс тұрғындары осындай мүмкіндік алады.
Құрметті Қапшағай қаласының, Шеңгелді және Заречное ауылдық округтерінің тұрғындары!
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ағымдағы жылдың 9 қыркүйектегі №1-5-2-74/3349-И және Алматы облысы ПД нұсқауын орындау үшін Қапшағай аумағында халық арасында Жергілікті полиция қызметінің және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен сенімді тығыз қарым-қатынас орнату, сондай-ақ қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде экстремизм және терроризм көріністерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, 2019 жылдың 15 қыркүйектен 10 желтоқсан аралықта Қапшағай аумағында «Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
/ 20.09.2019 ж./
Құрметті Қапшағай қаласының, Шеңгелді және Заречное ауылдық округтерінің тұрғындары!
2019 жылы жалпыұлттық халық санағын жүргізуге дайындық жұмыстарына байланысты, қалалық көші-қон полиция бөлімінде өздеріңіздің мекен-жайларыңызды тексеріп (ХҚКО ғимараты, 1-ші қабатында), сонымен қатар бөтен адамдарды (тіркелген, бірақ тұрмайтын адамдарды) тіркеуден шығаруға шаралар қабылдауларыңызды сұраймыз.
Қала әкімшілігінің ұйымдастыру комитеті
/ 29.08.2019 ж./
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!
2019 жылдың 29 тамыз күні қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай салтанатты іс-шаралар өткізіледі. Басталуы сағат 17.00-де.
/ 27.08.2019/
2019 жылғы 29 тамызда сағат 15.00 ден 17.00 дейін Алматы облысының прокуроры А.С.Жылқыбаев Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ғимаратында (Қапшағай қаласы Степная көшесі 6 үй) азаматтардың жеке қабылдауын жүргізеді. Жеке қабылдауға алдын-ала жазылу Қапшағай қаласының прокуратурасында 8 (72772) 4-17-01, 4-52-95 телефондары арқылы жүзеге асырылады.
/ 26.08.2019/
2019 жылғы 29 тамызда сағат 11.00 ден 13.00 дейін Алматы облысының прокуроры А.С.Жылқыбаев Қапшағай қаласы прокуратурасының ғимаратында (Қапшағай қаласы Степная көшесі 6 үй) азаматтардың жеке қабылдауын жүргізеді. Жеке қабылдауға алдын-ала жазылу Қапшағай қаласының прокуратурасында 8 (72772) 4-64-55, 4-14-78 телефондары арқылы жүзеге асырылады.