Kapshagay.gov.kz

«БЖЗҚ» АҚ-ның 2016 жылғы және 2017 жылдың 1 ширегіндегі қызметінің қорытындылары

Главная


Алматы, Қазақстан – БЖЗҚ-нда 2016 жылғы зейнетақы және өзіндік активтері бойынша қаржылық есептілігіне сыртқы аудит жүргізілді. Тәуелсіз аудиторлық компанияның қорытындысына сәйкес, зейнетақы активтері бойынша қаржылық есептілік қолданыстағы барлық аспекттерде «Зейнетақы активтері бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу мен ашып көрсету» қаржылық есептілік стандартына сәйкестікті расталған. Бұл зейнетақы актвитерінің сақталуын, олардың есебінің дұрыстығын, зейнетақы активтері инвестицияланған қаржылық құралдардың әділ құнын бағалау дұрыстығын дәлелдейді.

2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,69 трлн теңге болса, оның 20,2%-ын (1,35 трлн теңге) инвестициялық табыс құрады. Алдын ала мәліметтер бойынша, БЖЗҚ-нда шоғырланған зейнетақы активтері сомасының 2016 жылғы ҚР ЖІӨ сомасына қатынасы 15,1% құрайды.

2016 жылғы 1 қаңтар – 31 желтоқсан аралығында барлығы 399 мыңнан астам жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) ашылды, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 354 813 бірлік, міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен 37 778 бірлік және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен 6 473 бірлік. Осылайша, шарттардың барлық түрі бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарына салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-тарының саны 10,04 млн бірлікті құраса, оның ішінде МЗЖ есебінен – 9,58 млн бірлік. Салымшылардың МКЗЖ бойынша ЖЗШ-тары саны 420 мың бірлікті құраса, ЕЗЖ бойынша олардың саны 39 мың бірлікті құрайды.

2016 жылы БЖЗҚ-нан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 169,69 млрд теңге болса, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылғаны – 22,69 млрд теңге. Салыстыру үшін келтірер болсақ, 2015 жылы жүзеге асырылған зейнетақы төлемдері мен аударымдарының сомасы 141,12 млрд тенге болса, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылғаны – 24,23 млрд тенге болған.

Аудиттен өткен қаржылық есептілікке сәйкес, «БЖЗҚ» АҚ өзіндік капиталы 76,3 млрд теңгені құрады және есептік жылда 20,0 млрд теңгеге артқан. Бұл есептік кезеңдегі бөлінбеген пайданың артуына байланысты орын алған. Есептік жылдағы салық салынғаннан кейінгі таза пайда 21 млрд теңгені құрады (2015 жыл қорытындысы бойынша «БЖЗҚ» АҚ пайдасы 27,6 млрд теңгені құрады).

2017 жылғы 1 ширекте зейнетақы активтері 153,6 млрд теңгеге өсіп, 2017 жылғы 1 сәуірде 6,84 трлн теңгені құрады. Барлық зейнетақы жинақтарының негізгі үлесі – шамамен 98%-ы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Есептік ширек кезеңде 87,4 мың ЖЗШ ашылды.
2017 жылғы алғашқы үш айда таза инвестициялық табыстың сомасы 51,45 млрд теңгені құрады.

2017 жылғы қаңтар-наурызда БЖЗҚ төлемдерінің сомасы 77,35 млрд теңгеге тең болды, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар 6,04 млрд теңге.

2016 жылы ақпаратты автоматтандырылған қорғау бойынша жұмыстар күшейтілді. Қор Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Қордың есептік мәліметтер базасында сақталатын конфиденциалды ақпараттың шығып кетуін болдырмауға арналған КриптоБД мәліметтер базасын шифрлеу жүйесін енгізді. «Эрнст энд Янг – кеңес беру қызметтері» ЖШС тәуелсіз халықаралық ұйымы жүргізген техникалық аудит қауіпсіздік жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін растады. Британиялық стандарттар институтының (BSI) аудитімен расталған «Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына жарналар аудару және табыстарды бөлу үдерісі» әрекеті саласы бойынша ISO/IEC 27001:2013 халықаралық стандарты бойынша сертификаттау жүргізілді.

2016 жылы БЖЗҚ корпоративтік сайтында немесе ENPF ұялы қосымшасы арқылы салымшының жеке кабинетіне тек логин мен пароль арқылы ғана емес, сондай-ақ, электрондық-цифрлық қолтаңбаны да қолданып енуіне мүмкіндік ашылды. Бұл жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты алуды айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ, Қордың байланыс орталығына 1418 қысқа номері арқылы хабарласу мүмкіндігі пайда болып, салымшылардың зейнетақы жүйесі туралы кез-келген мәселе бойынша кеңес алуын жеңілдетті. Бұдан бөлек, автоматты режимде жауаптар алуға болатын жиі қойылатын сұрақтарды қамтитын IVR-мәзірі арқасында байланыс орталығының қызметтері тәулігіне 24 сағат қолжетімді болды. 2016 жылы зейнетақы жинақтарын алушыларға олардың зейнетақы төлемдерінің статусы туралы СМС-хабарламалар келе бастады.

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау үшін, мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпараттық-кеңес беру көмегін көрсету үшін «Мобильдік кеңсе» қызметі жетілдірілді. Тек 2016 жылы Қор филиалдары қызметкерлері 15 673 алушымен байланыс орнатып, 2017 жылғы 1 ширек кезеңде Қор филиалдары 4 047 салымшыға (алушыға) қызмет көрсетті.

2017 жылы Қор алдына жаңа міндеттер қойылды. «БЖЗҚ» АҚ Басқарма Төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева атап өткендей, БЖЗҚ жұмысының басты қағидалары Қор салымшылары мен зейнетақы төлемдерін алушылардың көзқарастарын қорғау мен қамқор болу, қызмет ашықтығын арттыру және ішкі бақылау жүйесін күшейту болып табылады.

2017 жылғы бірінші ширекте Қордың ішкі үдерістерін қайта қарау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп, ішкі бақылау мен тәуекелдерді басқару үдерістері күшейтілді, Қордың барлық филиалдарында ішкі аудиторлар енгізілді. Шығындарды қысқартып, қызмет тиімділігі мен көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында Қордың құрылымы оңтайландырылды: тиімсіз және бір-бірін қайталайтын бизнес-үдерістер алынып тасталды.

Қор қызметінің ашықтығын арттыру және халықпен өзара қызметті жақсарту үшін 2017 жылғы бірінші ширекте БЖЗҚ жанында Қоғамдық кеңес қалыптасып, жетекші қаржыгерлер, журналистер, қоғамдық ұйымдар өкілдері, блогерлер мен қатардағы салымшылар (алушылар) оның мүшелері болды. БЖЗҚ ресми сайтында ақпарат алудың қосымша арналары ашылып, кез-келген адамға өзіне қажетті ақпаратты жекелей және топ ішінде алуына мүмкіндік беретін «Басқарма Төрайымының блогі» және «Қоғамдық қабылдау» енгізілді.

Бұдан бөлек, 2017 жылғы үш айда әлеуметтік, зейнетақы және медициналық қамсыздандыру мәселелері бойынша БЖЗҚ кәсіпорындар мен ұйымдарда 317 презентация өткізіп, оларға 11 мыңнан астам адам қатысты.

2017 жылғы 31 наурызда БЖЗҚ тағы бір бастаманы қолға алып, Ашық есік күнін өткізді. 1,5 мыңнан астам адам қатысқан мұндай бірінші шара Қордың барлық филиалдарында 31 наурыз күні өтті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Ашық есік күнін ширек жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, ақпарат алудың электрондық тәсілін қолданушылар саны жыл басынан бері 400 мың адамға артты. 2017 жылғы 1 сәуірде 3,2 миллионнан астам адам зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде ақпараттанудың электрондық тәсілін таңдаған. Осылайша, 196 мыңға жуық адам электрондық мекен-жайына үзінді-көшірме алып, 3 миллионға жуық адам сайт және түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған ұялы қосымша арқылы ақпарат алу мүмкіндігіне ие.

Көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен қолайлылығын арттыру үшін 2017 жылғы 1 шілдеге дейін жаңа электрондық қызметтер енгізіледі: зейнетақы жарналары есебі бойынша жеке зейнетақы шоттарын ашу және БЖЗҚ сайтында жеке кабинет арқылы зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру. Бұл өтініштің орындалу статусы туралы алушы СМС-хабарлама алу арқылы хабарланады. Ағымдағы жыл соңына дейін аталған қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы енгізу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, «Электрондық БЖЗҚ» жобасының аясында өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары мен VTM-терминалдарын пайдалануға беру жоспарланған. VTM-терминалдар – салымшының Қор қызметкерлерімен интерактивті тілдесу жүйесі болып табылады. Олар салымшыға түрлі ақпарат алуға, сондай-ақ, Қор қызметкерінің қашықтықтан көрсетілетін қызметі (қашықтықтан басқару операциялық орталығы) арқылы ЖЗШ ашуға өтініш беру, шоттың жай-күйін білу, төлем алуға өтініш беру қызметтерін қолдануына мүмкіндік беретін экраны бар аппараттан тұрады. БЖЗҚ қызмет көрсету орталықтарында тәжірибелік пайдаланудан кейін, салымшылар мен алушылар БЖЗҚ қызметтерін оның кеңселерінен тыс жерлерде қолдана алуы үшін оларды қоғамдық орындарда – банктер, сауда үйлерінде орналастыру жоспарлануда.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

 

 


 



Система Orphus


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .